28
май
2022
ҚР-ның РӘМІЗДЕРІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН
1992 жыл 4 - маусым – қазақ елінің тарих бетіне алтын әріптермен жазылатын елеулі күн. Дәл осы күні Республика Жоғары Кеңесі тәуелсіз ҚР - ның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. ҚР-ның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны сол жылдың 11-желтоқсанында бекітілді. Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7-қаңтарда қабылданды.
Ту ортасында күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн шұғыла, қыран, өрнек бейнесі алтын түстес.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес маған керегі –
Көк тудың желбірегені – деп, ақын Алмас Ахметбекұлы жастарды нағыз патриоттық рух пен тәрбиеге шақыра білді. Ақын болсын, жас болсын, кәрі болсын барлығының міндеті де сол – егеменді еліміз жер әлеміндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті ел ретінде өзінің Елтаңбасы мен Әнұранын, Туы мен Жалауын белгілеп, осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақтың терең түсініп, әдептілік рәсімдерін орындау борышымыз деп санауын көздейді.
Күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары – барлығы елтаңбаны бейнелейтін нақыштар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.
Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелесе, қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңбадағы бес жұлдыз, жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын білдіреді. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны. Аспан ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік, жеңімпаз, молшылық елінің перзенті болу.
Қорыта келгенде, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысу – ол әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті екенін естен шығармауға тиіспіз.
ҚР-ның РӘМІЗДЕРІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН 



