1 "В" сынып "Алғыс айту- парызым" тәрбие сағаты
1 "В" сынып жетекшісі: Сейдешова А.Ш.
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Алғыс айту – парызым!»
Мақсаты: Оқушылардың «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту
Міндеттері:
а) ризашылық, рахмет, алғыс туралы түсінік беру;
ә) үлкен — кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым — қатынасын дамыту;
б) әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу
Көрнекіліктері: Нақыл сөздер,сандықша, шарлар және т.б.
Барысы: Мемлекеттік әнұран орындалады.
Атам-ақыл бағбаным, Ағам-қамқор,асқарым,
Әжем-асыл ардағым. Інім-мөлдір аспаным.
Әкем- өмір тірегім, Қарындасым-қанатым
Анам-күнім,жүрегім. Биіктерге қонатын!
1-наурызды елімізде «Алғыс айту» күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойды. Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет «Алғыс айту» күнін атап өтті.
Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай -ақ оның ойы мен іс- әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Ән: «Алғыс»
Алғыс — біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, рахмет айтуы. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады. Әркім Алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады. Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп Алғыс алған адам бақытты болады. “Алғыспен ер көгерер” деген мәтел соған мегзейді.
Слайд: «Жаныңда жүр жақсы адам.......»
Алғыс – қуаныш үстінде, жиын, мереке, той-томалақта адамдардың бір-біріне білдіретін игі тілектің этикалық мәнді атауы.
Сонымен, рақметке лайықты кімдер? Тізімді бірге құрайық! Бастысы – алғыс айта білу…
Әжеге – ыстық алақаны үшін,
Анаға – өмір сыйлағаны үшін,
Әкеге – қорған болғаны үшін,
Досқа – құшағы мен иығы үшін,
Сөзге – жанды жылытатыны үшін,
Күнге – шуағы мен назары үшін,
Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін,
Суға – тіршілік көзі болғаны үшін,
Отқа – жылулығы үшін..
Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін,
Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін,
Ән: «Ата дәстүр»
Өзіне жасалған жақсылыққа ризашылық білдіруді алғыс дейміз.
Проблемалық сұрақ:
«Жақсылық жасаудың біз үшін қандай пайдасы бар?
Біз неліктен басқаларға жақсылық жасауымыз қажет?»
Бейне көрініс: «Жақсылығың қайтар өзіңе»
— Балалар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ешкімнен ешқашан аямайық. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйренейік және Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпайық.
«Автограф» ойыны: (Әр оқушыға артына қағаз бекітіледі. Осы қағазға басқа оқушылар тілектерін жазуы қажет) Алғыстың да түпкі мәні – ризашылық білдіру арқылы жамандықтан ада болуды тілеу.
Алғыс тек «ізгі ниетті» ғана білдірмейді. Қазақта алғыс сөзі, әдетте, үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде, яки болмаса жас адамның үлкен қарияға жасаған игілікті іс-әрекетіне қатысты айтылады.. Сол себепті қазақ жастары үлкеннің алғысын алуға тырысқан. Мәселен, олар тойда, аста жиналған үлкендердің алдынан шығып, аттарынан қолтықтап түсіріп, үйге енгізеді. Сол кезде риза болған ақсақал «Қарағым, ғұмырлы бол!» деп өзінің алғысын айтады. Немесе, үйде жағалай отырған адамдардың қолына су құйып, орамал беріп, қызмет етеді, ал келіндерге үлкендер «Көп жаса, шырағым!» деп ризашылық сезімін білдіреді. Сол сияқты жас келін үйге келген кісіге, яки жасы үлкен адамға ізет көрсетіп, сәлем етеді. Оған «Қалқам, өркенің өссін» деп, үлкен кісі өзінің ризашылық батасын айтады. Я болмаса жас адам үлкен кісінің әлдеқалай берген тапсырмасын дер кезінде ойдағыдай орындаса, қария оған «Жасың ұзақ болсын!» деген сияқты алғыс айтып, екі жақтың да көңілі хош болады.
Қазақ алғыстары нақты адамға қарата айтылады, ол екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Оның басты мақсаты жақсылық істеген адамға ризашылық білдіру, алғыс алған адамның көңіл-қошы болып, ырыс-берекесі арта түседі деп ырымдаған. Қазақта алғысты риза болған адам айтады, оны сұрап алмайды, басқа түркі халықтарындағыдай арнайы алғысшылар болмайды.
Алғыс ұғымында ризашылық белгісі сақталған, ол туралы қазақта «Алтын алма, алғыс ал!» деп келетін мәтелде алғыстық сипатты байқауға болады. Себебі, қазақ ұғымында алғыс алған адамды Тәңір жарылқап, оның құты көбейеді, ырысы артады деп сенген. Алғыстың мазмұны көбіне тілек түріндегі білдіріледі: Алла риза болсын! Көп жаса! Өмір жасың ұзақ болсын! Бақытты бол, Тең құрбыңның алды бол! және т.б.
Қазақы алғыстың мынадай түрлері айтылады: Алдыңнан жарылқасын; Амандық шаттықпен көрісуге жазсын;Әруақ жар болсын; Әруақ қолдасын; жолыңа жұп шырақ; Жолың болсын; Көрісуге күн жақсы болсын; Қадамың құтты болсын; Қайырлы болсын; Қайыры бірге болсын; Қосағыңмен қоса ағар; Байлар көбейсін; Құдай көңіліңді өсірсін; Құсың құтты болсын; Қызығың ұзақ болсын; Ойнар көбейсін; Осы бетіңнен жарылқасын; Өмір жасың ұзақ болсын; От анасын жарылқасын; Өркенің өссін; Садағаң келсін; Сауық молайсын; Сақтай гөр терістен; Тілектерің тап болсын; Тілеуіңді берсін; Ұзағынан сүйіндір.
Ән: «Жақсы адамдарым»
Балалар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ешқашан ешкімнен аямаңдар, "Рахмет" деген жақсы сөзді жиі айтыңдар! Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңе сақтаңдар! Әлемде бейбітшілік болсын!
Хормен: «Өмірге риза болып, алғыс айт».



